8 августа, 2026

«ЯСАУИ КЕРУЕНІ»: СОЗАҚТА ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИДІҢ РУХАНИ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

0
761829112_2862683620755005_2317857834727180672_n

Қожа Ахмет Ясауидің рухани-адамгершілік мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған «Ясауи керуені» ағартушылық-философиялық ілімін дәріптеу мақсатындағы аймақтық ғылыми-танымдық семинары өтті.

Тағылымды жиын Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын елімізде және халықаралық деңгейде кеңінен дәріптеу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен қолға алынған өңірлік жобаны іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Семинарға аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы, Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша бас имамы Ержан Сматұлы, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен жастар және аудан тұрғындары қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен рухани мұрасын тереңінен таныту, оның ілімін қоғам арасында кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастардың рухани дүниетанымын қалыптастыру болды.

Семинардың ашылу рәсімін «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов жүргізіп, Ясауи мұрасын насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Ол бұл бастама ұлы ойшылдың тағылымын ғылыми тұрғыда зерделеп қана қоймай, оны бүгінгі қоғамның рухани қажеттілігімен сабақтастыратын маңызды жоба екенін атап өтті.

Семинар барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай Ясауи ілімінің тарихи негіздері мен оның қазіргі қоғамдағы рухани маңызы туралы мазмұнды баяндама жасады.

Университеттің доценті, дінтанушы Оразбай Сержан «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, хикметтердің тәрбиелік мәніне, адам бойындағы ізгілік, сабыр, адалдық, мейірімділік секілді қасиеттерді қалыптастырудағы орнына жан-жақты тоқталды.

«Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, теология ғылымдарының докторы Бауыржан Сайфулов «Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация» тақырыбында баяндама оқып, Ясауи мұрасының қазақ халқының рухани болмысы мен ұлттық санасының қалыптасуындағы ерекше рөлін ғылыми деректермен негіздеді.

Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың «Теология» факультетінің доценті, PhD докторы Төлеген Жылқайдарұлы «Қожа Ахмет Иасауи ілімі және қазақ салт-дәстүрлері» тақырыбында баяндама жасап, халқымыздың дәстүрлі дүниетанымы мен Ясауи ілімінің сабақтастығын кеңінен тарқатты. Ол ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтардың өзара байланысына тоқталып, олардың қоғам тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *