ОТЫРАРДА АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНЕ ТИЕСІЛІ ЕҢ КӨНЕ МЕШІТТІҢ ОРНЫ АНЫҚТАЛДЫ
Отырар тағы бір тарихи жаңалығымен әлем археологиясының назарын өзіне аударды. Түркістан облысындағы ортағасырлық Отырар қалашығында археологтар XIII ғасырдың екінші жартысы – XIV ғасырға жататын Алтын Орда дәуірінің мешітін анықтады. Бұл – осы уақытқа дейін Отырардан табылған ең көне мешіт.
Зерттеу барысында археологтар тағы бір бірегей жаңалыққа қол жеткізді. Отырар тарихында алғаш рет тастан төселген көше мен кейінгі кезеңге жататын күйдірілген кірпіштен қаланған тепкішек табылды.
Мамандардың айтуынша, көшеге төселген тастар арнайы Қаратаудан жеткізілген. Қазба жұмыстары барысында араб жазуы бар мөр-жүзік, күміс және мыс теңгелер, Қытай теңгелері, сүйектен жасалған бұйымдар, есік топсалары, сырлы сәулеттік бөлшектер және басқа да құнды жәдігерлер анықталды. Әсіресе араб жазуы бар мөр-жүзік Отырар археологиясында алғаш рет кездесіп отыр.
Экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожаның айтуынша, қазіргі таңда мешіттің тек бір бөлігі ғана аршылған. Ғалымдар ашылған аумақты мешіттің ауласы болуы мүмкін деп есептейді. Ал негізгі михрабы бар қабырға әлі жер астында жатыр.
Зерттеу нәтижелері Отырардың XIII–XIV ғасырларда да ірі мәдени, діни әрі сауда орталығы болғанын дәлелдей түседі. Сонымен қатар табылған жәдігерлер Ұлы Жібек жолы бойындағы қаланың халықаралық байланыстарының жоғары деңгейде болғанын айғақтайды.
Археологиялық зерттеу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруымен Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ғылыми жобасы аясында жүргізілуде.
Жобаға қазақстандық ғалымдармен қатар Ұлыбританияның Кембридж университетінің зерттеушілері де қатысуда. Қазіргі уақытта қазба орнын консервациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал зерттеу нәтижелері 2026 жылғы 28–29 қыркүйекте Ұлыбританияның Кембридж қаласында өтетін халықаралық ғылыми конференцияда таныстырылады.
